Оралда жолаушылар автобусының жүргізушілері ереуілге шықты

Олар бірнеше қалалық бағдарға қызмет көрсетеді
Sputnik
АСТАНА, 8 қаңтар – Sputnik. Оралда жолаушылар автобусының жүргізушілері ереуілге шықты, деп хабарлады жергілікті "Мой город" порталы.
8 қаңтарда таңертең №3, 35, 14, 3К және 51-бағдарларға қызмет көрсететін жүргізушілер жұмысқа шықпады.
Олар автопаркке иелік ететін "Алый парус" ЖШС басшылығынан бірқатар мәселені шешуді талап етті. Қызметкерлер ауруханаға бара алмай жүр, өйткені алты айға жуық медициналық сақтандыру төлемі жасалмаған. Зейнетақы қорына аударым болмағандықтан несие де берілмейді екен.
"Алты ай бойы әлеуметтік және медициналық аударым жасалмады. Жігіттер ауырып қалып, жедел жәрдем шақырса, оларды міндетті медициналық сақтандырусыз емдемейді. Зейнетақыға жарна аударылмайды. Жалақы төленеді, бірақ тағы да кешіктіріп жүр. Басқа компанияларда 10-на дейін беріледі, ал біз 20-нан кейін аламыз. Кейде бірден төлемейді, 70% немесе 50%-дан бөліп аламыз. Олар "жағдайды түсініңдер, әкімдіктен аудармай жатыр" деп айтады. Алты ай өтті, мұны қалай түсінеміз? Бәрінің несиесі, отбасы бар: пәтерақы төлеуге, киінуге, азық-түлік алуға ақша керек. Жаңа жылға кейбір компаниялар өз қызметкерлеріне сыйлық, аванс береді, бізде ондай жоқ", - деді автопарк механигі.
Жүргізушілер үшін еңбек демалысы да проблемаға айналған. Өткен жылдың наурыз айында демалысқа шыққандар әлі күнге дейін еңбек демалысының ақысын алмаған көрінеді.
Қызметкерлердің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өкілдері таңертең келіп, жұмысқа шықпағандары үшін айыппұл салатынын айтқан. Жоспар бойынша күн сайын желіге 20 автобус шығуы керек болса, желтоқсаннан бері 10-15 автобустан шығып келеді. Мұны тағы да басшылық жанар-жағармайға қаражаттың жоқтығымен түсіндіреді. Жүргізушілер қордаланған мәселелердің шешімі табылады деп үміттенеді.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Автопарк 7 қалалық бағдарға қызмет көрсетеді. Барлық бағыттың әлеуметтік маңызы бар және қала маңындағы елді мекендерге қызмет көрсетеді: Құс фабрикасы, Круглоозерное, Мичурино. Бұл бағдарларды мемлекет субсидиялайды. Проблеманы шешеміз, барлығы бір ғана фактіге тіреліп тұр. Компания мемлекеттен алуға тиіс субсидияның барлығын алмайды. Біз алты тасымалдаушыға жылына 2-5 миллиард теңге төлейміз", - деп түсіндірді Халелов.
Бұл ретте "Алый парус" ЖШС субсидиясының үлесі жылына 400 млн теңгені құрайды, деп хабарлады әкімдік. Ай сайын 38-40 миллион теңгеден түседі.
Сондай-ақ ол желіге шықпау айыппұл салуға негіз болатынын, бірақ мәселенің әлеуметтік сипаты ескеріле отырып, мұндай шаралар қолданылмайтынын атап өтті.
Кейінірек автобус жүргізушілері әкімдікпен келісімге келіп, жұмысқа шықты.