АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев EXPO қалашығында орналасқан Жобалық кеңсенің қызметімен танысу барысында атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
"Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек", – деді мемлекет басшысы.
Жобалармен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жетістікке жету үшін үкімет мүшелері батыл шешім қабылдауы керек екенін атап өтті.
"Алдымызда тұрған мақсаттар өте маңызды. Ең бастысы, мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын мұқият бақылауда ұстау қажет. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – реформалардың тиімділігін арттыру. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды осы жұмысты қадағалайды. Министрлер де, әкімдер де батыл шешім қабылдауға дайын болуға тиіс. Мен осыған дейін Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім қабылдануға тиіс. Нақты нәтижелерді талап етемін", – деді мемлекет басшысы.
Президент министрлер мен басшыларды бірқатар міндеттерді назарда ұстауға шақырды.
"Біз қазір ірі инфрақұрылымдық жобаларға, цифрландыруға, жасанды интеллект пен ядролық энергетикаға баса мән беріп жатырмыз. Себебі мұның бәрі – мемлекетіміздің негізгі стратегиялық даму бағыттары. Үкімет осы маңызды мәселелерді жұмыс барысында міндетті түрде ескеруге тиіс", – деді президент.
Айта кетері, Жобалық кеңсе мемлекет басшысының жолдаулары мен Қазақстанның ұлттық даму жоспарындағы басым бағыттарды сапалы жүзеге асыруға арналған шешімдер әзірлеумен айналысады.