АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық денсаулық сақтау орталығының басшысы Айжан Есмағамбетова жиі талқыланып жатқан мәселеге қатысты жауап беріп, алып-қашпа әңгімені жоққа шығарды.
"Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз эпидемия маусымының бел ортасындамыз. Өткен жыл мен биылғы осы кезеңдегі эпидемия маусымдарын салыстыратын болсақ, ауру жұқтыру 20 пайызға төмен екенін көреміз. Әдетте, қаңтарда сырқаттар саны өседі, кейін ақпанның ортасына қарай төмендейді. Қазіргі уақытта карантин немесе шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ", - деп жауап берді Айжан Есмағамбетова.
Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада бірқатар шетелдік БАҚ Қытайда метапневмовирус өршігенін хабарлады. Біраз уақыттан кейін бұл аурудың Қазақстанда анықталғаны туралы белгілі болды.