АСТАНА, 7 қаңтар – Sputnik. Самара маңындағы жол апатында зардап шеккен 7 қазақстандық Орал қаласының ауруханаларына жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жол апаты "Самара – Большая Черниговка" тас жолында болған. Ресей аумағында қазақстандық азаматтардың қатысуымен болған жол апаты туралы хабар түскен бойда оқиға орнына шұғыл түрде алты жедел жәрдем бригадасы жолға шықты. Әрбір бригада бір-бір адамнан алып кетсе, тағы бір зардап шеккен отандасты құтқарушылар Орал қаласына жеткізді.
"Бүгін таңертең ерте зардап шеккен 5 ересек адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасына, 2 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына емдеуге жатқызылды, онда оларға медициналық көмектің толық көлемі көрсетіледі", - дейді дәрігерлер.
Апаттан зардап шеккендерде мидың шайқалуы, аяқ-қолдардың, жамбас сүйектерінің, омыртқаның сынуы, көгеру, гематома және орташа ауырлық дәрежесіндегі көптеген жарақаттар тіркелді. Оларды тасымалдау кезінде денсаулықтың нашарлауына жол берілген жоқ.
Айта кетері, бұған дейін РИА Новости Самара облысында болған жол апаты туралы жазған болатын. Тас жолда екі көлік бетпе-бет соғысты. Екі адам оқиға орнында қайтыс болды, жетеуі зардап шекті.