АСТАНА, 6 қаңтар – Sputnik. Абай облысында кәсіпкер қымыздан балмұздақтың 18 түрін шығарып жатыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
2019 жылы 21 жастағы Айдын Серікқазин қымыздан балмұздақ өндіру идеясымен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасынан 505 мың теңге көлемінде грант жеңіп алған. 2020 жылы "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша ол 5 млн теңге көлемінде өтеусіз грант алды.
"Бұл қаржыға жас кәсіпкер Семей қаласында қымыз бен саумалдан балмұздақ шығаратын шағын цех ашты. Содан кейін авторлық құқық алып, "Qazice" атты өнімін патенттеді", - деп жазылған хабарламада.
Қазір Айдын Астана, Алматы, Балқаш, Өскемен, Семей қалаларында және Алакөл демалыс орталығында қымыз, саумал, сондай-ақ түрлі жемістерден жасалған балмұздақтың 18-ден астам түрін сатады.
Шымкент пен Түркістанда Qazice сату нүктелерін ашу жоспарлануда. Өнім халық арасында жақсы сұранысқа ие.
Ұлттық брендті ілгерілету және отандық өнімді шетелде танымал ету мақсатында географиялық көрсеткішті тіркеуге өтінім берілді.