АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов “Қазселденқорғау” мемлекеттік мекемесінің Алматы филиалына барды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Министр орталық диспетчерлік пункт пен арнайы техниканың жай-күйін де тексерді. Одан кейін көшкін жағдайына мониторинг жүргізу және бағалау үшін аэровизуалды барлау жасады. Осы орайда қар көшкінінің алдын алу үшін орнатылған жаңа жабдыққа ерекше назар аударылды.
“Шыңғыс Әріновке “DaisyBell” мобильді қар көшкініне қарсы жүйесі таныстырылды. Бұл қондырғы тікұшаққа кабель арқылы бекітілген металл конус болып табылады. Құрылғының жұмыс принципі конустағы азот-сутегі қоспасының бұзылуын қашықтан бастау болып табылады, бұл қар көшкінінің тиімді түсуіне ықпал етіп, аса ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді”,- дейді министрлік мамандары.
“DaisyBell” қар көшкініне қарсы жүйесі Еуропа елдерінде, соның ішінде Ресейде сәтті қолданылып келеді.
Жаңа жүйе Үлкен және Кіші Алматы өзендері бассейндерінің көшкін қаупі бар учаскелерінде қар көшкіндерінің профилактикалық түсуімен сынақтан өтті. Министр көшкін қаупі күшейгенде жаңа технологияларды қолдануға тапсырма берді.