АЛМАТЫ, 4 қаңтар - Sputnik. Терроризмді насихаттағаны және басқа да қылмыстары үшін қамауға алынған екі адамға қатысты сот процестері аяқталды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Сотталғандардың бірі Алматы, екіншісі - Тараз тұрғыны. Тараз тұрғыны, айналасындағыларды шетелдегі лаңкестер қатарында соғыс әрекеттеріне қатысуға шақырып, өзі де оларға қосылуды жоспарлаған.
"Тараз қалалық сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны үшін Қылмысиық Кодекстің 256-бабы, діни араздықты қоздырғаны үшін Қылмыстық Кодекстің 174-бабымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды", - дейді комитет.
Ал Алматы тұрғыны да 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Бұл адам жалпы қылмыстар үшін бірнеше рет соттылы болған, ғаламтор желісінде радикалды идеологияны насихаттаған. Алматы қалалық сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны және есірткіні заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды", - дейді ведомство.
Жалпы, 2024 жыл басынан террористік және экстремистік әрекеттері үшін 84 адам сотталған.