Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияға жіберді

Апат орнынан екі қара жәшік табылған болатын
Sputnik
АСТАНА, 30 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшіктерін Бразилияға жіберді, деп хабарлады көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
"Авиациялық оқиғаны тергеу комиссиясы Бразилияға ұшып кетті. Борттағы өздігінен жазу құралдары Бразилияның авиациялық апаттарды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жеткізіледі", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Embraer әуе кемесін шығарушы CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар.
Чикаго конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет қара жәшіктердегі деректерді оқуға жағдай жасайды және оларды қай елде оқу қажеттігі туралы шешім қабылдайтыны хабарланған болатын.
Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялап, Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі болды.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандықтар Бішкекке жеткізілді