АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Киев халықаралық әлеуметтану институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, украиндардың жартысына жуығы (45%) Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісі Украинаға бейбітшілік әкеледі деп санайды.
Қоғамдық пікірге сауалнама 2-17 желтоқсан аралығында жүргізілді. Сауалнама компьютерді қолдана отырып, телефон арқылы сұхбат форматында өткізілді: оған 985 респондент қатысты.
Әлеуметтанушылар украиндардан Трамптың АҚШ президенті сайлауындағы жеңісі бейбітшілікті жақындата ма, әлде алыстата ма деп сұрады. Респонденттердің жартысына жуығы (45%) оның жеңісі бейбітшілікті жақындатады деген пікірде.
Респонденттердің 14%-ы бейбітшілік, керісінше, алыстап бара жатқанын айтса, қалған 40%-ы ештеңе өзгермейтінін мәлімдеген немесе нақты жауап бере алмаған.
Киев халықаралық әлеуметтану институтының сайтында жарияланған сауалнама нәтижесіне сәйкес, Украина азаматтарының 23%-ы бейбіт келісім Украина үшін әділ болады деп санайды, респонденттердің 31%-ы бейбітшілік әділетсіз болады деп жауап берді. Украиналықтардың тағы 29 пайызы келісім жасалған кезде Украинаның да, Ресейдің де талаптары орындалады деп есептейді. Қалған 17%-ы пікір білдіруге қиналған.
АҚШ-та 5 қарашада өткен президент сайлауы кезінде 2017-2021 жылдары мемлекет басшысы болған республикашыл Дональд Трамп жеңіске жетті. Инаугурация 20 қаңтарда өтеді.
Трамп бұған дейін Украинадағы қақтығысты келіссөз арқылы реттей алатынын айтқан. Трамп Украинадағы жанжалды бір күнде шешетінін бірнеше рет мәлімдеді. Ресей Федерациясы бұл оңай шешіле салатын мәселе емес деп санайды.