Azerbaijan Airlines ұшақ апатынан көз жұмғандардың отбасына қанша өтемақы төлейді

Sputnik
АСТАНА, 27 желтоқсан - Sputnik. Azerbaijan Airlines авиакомпаниясы Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы төлейтінін хабарлады.
Авиакомпания зардап шеккен әрбір адамға 20 мың манат (11,7 мың доллар), ал қаза тапқандардың отбасыларына 40 мың манат (23,5 мың доллар) төлейтін болады.
Барлық жолаушылар "Әзербайжан заңдары мен халықаралық тәжірибеге" сәйкес сақтандыру төлемін алады, деп толықтырды авиакомпаниядағылар.
Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімдігі қаза тапқан қазақстандықтардың отбасылары 5 миллион теңгеден астам (9,7 мың доллар) біржолғы көмек және асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алатыны туралы хабарлады.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына көрсетілетін әлеуметтік көмек көлемін айтты.
"Мен әр отбасы бойынша айта алмаймын, бұл дербес деректер, бірақ мысал ретінде бір отбасы үшін асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы балалардың кәмелетке толуына байланысты ай сайын 138 мың теңге, ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының желісі бойынша 257 мың теңге көлемінде, бұл ай сайынғы төлемдер деп айта аламын", - деді Сарбасов.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға рейс жасаған Әзербайжан авиакомпаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Бортта экипажды қосқанда 67 адам болды.
38 адам қайтыс болды, 29 адам аман қалды.
Ақтау маңында ұшақ құлаған жерден екінші "қара жәшік" табылды