АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. 2021-2023 жылдар аралығында Астана тұрғыны жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырып, қылмыстық жолмен 2 миллиард теңге табыс тапқан, деп хабарлады қаржы монитонингі агенттігі.
"Follow the money (ақшаны қадағалаңыз) параллельді қаржылық тергеу күдіктінің шоттарына туыстары мен сенімді тұлғаларының банктік деректемелерін пайдалана отырып, заңдастырудың күрделі схемалары арқылы түскен барлық қылмыстық табысты анықтауға мүмкіндік берді", - дейді агенттіктегілер.
Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдікті өз атына ЖШС тіркеп, ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алып, қайта сатқан. Осылайша, ол 88,5 миллион теңгені заңдастырып, 95 миллион теңге қылмыстық табысқа қол жеткізген.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ол коммерциялық үй-жай, екі бөлмелі бес пәтер, Астана қаласында жер учаскелері бар екі коттедж, елорданың элиталық тұрғын үй кешендерінде 2 пәтер мен тұрақ орын, G63 маркалы Mercedes Benz автокөлігін сатып алған.
Сонымен қатар, тінту кезінде 50 млн теңге мен бағалы зергерлік бұйымдар табылып, оларға тыйым салынды.
Тергеудің басталғанын білген күдікті тәркілеуден жалтару үшін 5 екі бөлмелі пәтерді 143,5 миллион теңгеге қайта сатып 51,5 миллион теңге қосымша қылмыстық табыс тапқан.
"Сот үкімімен ол жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырғаны және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 309-бап, 218-бап 3-тармағы) 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлікі мен пәтерлерді сату арқылы алынған ақшасы тәркіленді", - делінген хабарламада.
Тергеу нәтижесінде қылмыстық жолмен тапқан 2 миллиард теңгеден асатын қаражатқа сатып алынған барлық мүлік пен сол мүліктен түскен кірістері анықталып, тәркіленді.
Сонымен қатар, пәтерлердің иелері туралы жалған куәлік берген бала күтімі бойынша жалданған қызметкерге қатысты тергеу басталды.