АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың жолаушыларына бірінші болып көмекке барғандардың арасында Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының энергетиктері де болған. Жақын жерде жұмыс істеп жатқан олар бірден оқиға орнына жүгірген.
Sputnik Қазақстан ондаған адамды құтқарған ақтаулық жігіттерге хабарласып, апаттың мән-жайын білді.
Бүгін Марат Ізмұхан әріптестерімен бірге Ақтау әуежайына жақын жерде электр бағаналарын орнатқан. Апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағы тура олардың үстінен ұшып өткен.
"Ұшақ үстімізден ұшып өтті. Біз мән берген жоқпыз. Өйткені екі-үш шақырым шалғай жерде әуежай бар. Ұшақтар жиі ұшады. Бір кезде теңіз жақтан түтін шықты. Сол кезде ұшақтың құлағанын түсіндік. Көлікке міндік те, оқиға орнына 3-4 минуттың ішінде бардық", - дейді Ізмұхан.
Оның айтуынша, ұшақ екіге бөлініп кеткен. Бас жағы отқа оранып, шамамен 200 метр шалғай жерде жатқан. Ал артқы жағы өртенбеген.
"Біз барсақ, адамдар ақырындап өздері шығып жатыр екен. Өздігінен екі-үш адам ғана шыққан сияқты. Мен жолаушының бірі бәрін видеоға түсіріп жүргенін көрдім. Бет-аузы қанап тұрды. Бірақ аяқ-қолы сау болды. Ұшақтың ортасы ашық қалған, сол жерден шыққан. Басы жарылып, қан-қан болып жүрді. Бірақ біз оларға емес, ішінде қалып қойғандарды құтқаруға асықтық. Қалғаны ішінде болды, орындықтардың арасында қысылып қалыпты. Бәрі көмектесіңізші, көмектесіңізші деп айқайлады. Біз орындықтарды бұзып, оларға шығуға көмектестік", - дейді Марат.
Сол кезде полицейлер, құтқарушылар мен дәрігерлер де жеткен. Ұшақ құлаған жер қоршауға алынды. Бірақ энергетик жігіттер аяғына дейін жүрді.
"Құтқарушылар мен дәрігерлердің неше минутта келгені есімде жоқ. Ол жерде айқай-шу болды ғой, адам шығарумен жүргесін уақытқа да қарамайсың. Біз соңғы адамды шығарып, кетіп қалдық", - деп атап өтті Марат.
Мараттың қасында басқа әріптестері – Нұралы Шопанов, Қонақбай Сапарбаев, Тұрар Мағжанов, Үсен Ермеков пен Ерлан Оңғарбаев та болды. Олар шамамен 15 адамды алып шықты.
"Қайтыс болған адамдар болды. Бірақ біз ұшақтың бас жағы құлаған жерге барған жоқпыз. Ол жаққа барғанмен қолымыздан дым келмейді ғой. Өрт сөндірушілердің келгенін көрдік. Олар өртті өшірді. Қайтыс болғандардың бәрі сол жақта болды", - дейді энергетик.