АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Астанада жұбайының туыстарын, сондай-ақ басқа да таныстарын алдап кеткен қала тұрғыны 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол Кореядан автокөлікті тиімді бағамен әкеп беремін және Астана қаласында мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың тамызы аралығында 15 жәбірленушіні алдап, 57 миллион теңгеден астам ақша алған.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындауымен, жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
Прокурор күдіктіні 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қорғаушы тарап сотталушы кінәсін толық мойындағанын алға тартып, ең төменгі жаза кесуді сұрады.
Сот шын жүректен өкінуін, кінәні мойындауын және жас баласының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Сотталушы қылмысты қайталап жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
"Сот үкімімен Д. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4) тармақтары бойынша бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді", - деп жазылған хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.