Қостанайда мұзды сырғанақтан 29 бала зардап шекті

Кейбір балаларды ес-түссіз жатқан жерінен алып кетті.
Sputnik
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Қостанайда жаңа жыл қарсаңында арнайы дайындалған мұзды сырғанақтар 29 бала зардап шекті, деп хабарлады КТК.
Жаңа жыл қарсаңында қостанайлықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін мұз сырғанақтары дайындалды. Бірақ соңғы демалыс күндерінің өзінде аталған сырғанақтан 29 бала жарақат алып, оның алтауы ауруханаға жатқызылды.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне қала орталығындағы бес метрлік сырғанақтың жанында кезекшілікте тұруға тура келді. Кейбір балаларды ес-түссіз жатқан жерінен алып кетті. Балалар "миы шайқалды" деген диагнозбен ауруханада жатқызылды.
"Бала сырғанақпен сырғанап түсіп, енді орнынан тұра бергенде оны артынан сырғанап келе жатқан бала қағып құлатады. Бала құлап, желкесімен мұзға соғылады. 90%-і осындай жағдай. Мұны ересектер де, балалар да байқамауы мүмкін. Сондықтан құлаған бала сол жерде бес-он минут жатып қалады", - дейді Қостанай облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Мирас Елжасов.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне бақылаудың жоқтығынан немесе жақын маңда ересек адамдардың болмауынан болады.