АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Астана-Щучинск автожолындағы төлем терминалында тежегіштің істен шығуы салдарынан жол апаты болды, деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.
Алдын ала мәлімет бойынша жүргізушілердің бірі төлем терминалының алдында тоқтап тұрған, ал екінші жүк көлігі тежеу жүйесінің істен шығуына байланысты тоқтай алмады.
"Салдарынан екі жүк көлігі соқтығысты. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Алайда оқиға салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді. Бұл жағдай автомобильдерді уақытылы техникалық тексеруден өткізудің маңыздылығын көрсетті", - деп жазылған хабарламада.
Компания әсіресе қыс мезгілінде темір тұлпардың тежегіш жүйесінің, шиналардың және басқа да негізгі тораптарының күйін үнемі тексеру қажет екенін тағы бір рет еске салды.