АСТАНА, 23 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин "Air Astana" әуе компаниясынан төрт айдан бері өтемақысын ала алмай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол көлік мәселесі қаралған төменгі палатадағы үкімет сағатында компанияның қитұрқы әрекеттерге баратынын айтты.
"Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз! Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. Біз Мұсабаев екеуіміз әуе рейсін бір сағатқа кешіктіргені үшін 3 процент айыппұл салатын норма енгіздік. Енді, қызықты қараңыздар, 2 тамызда Air Astana он екі сағатқа кешікті. Мен әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін. Неге? Себебі олар неше түрлі қитұрқы схема жасап қойған. Біреуге барып, өтініш беріп, оның жауабын алу керек. Оған барып, ақша алу деген... Мен қазір әдейі жүрмін соның соңында, бәрібір аламын. Алдында біреуін алғанмын", - дейді Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, әуе компаниясы өтемақыны алғаны туралы ақпаратты ешкімге жарияламауды талап етеді екен.
"Министр мырза, өтемақыны қайтару тәртібін барынша жеңілдетіңіздер. Адам өз өтінішін оңай беру керек, ал ақшасы есепшотына тезірек түсуі қажет. Бұлар бәрін қиындатып жіберген. Компьютерді білетін және соның соңында ерінбей жүретін адам ғана ақшаны қайтара алады. Бұлар әдейі істеп қойған. Барлық әуе компанияларында солай", - деп атап өтті Жаңбыршин.
Отырыс кезінде үлкен экраннан Питер Фостерді де көрсетті. "Air Astana" компаниясының басшысы жымиып отырды. Оны көрген Жаңбыршин қатты ашуланып кетті.
"Күлетін ештеңе жоқ! Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз! Біз сізге Африкадағы ештеңені түсінбейтін абориген емеспіз! Бұл - парламент. Бұл жерде отырғандардың бәрі – халықтың өкілі", - деді депутат.