Инфрақұрылымды жаңарту жобалары аясында 3,5 мың жұмыс орнын ашу көзделген

Sputnik
АСТАНА, 23 желтоқсан – Sputnik. Тозған, апатты жағдайдағы инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жобалары 3,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. Бұл туралы үкіметтегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға арналған кеңесте айтылды.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық секторлардағы өзекті мәселелер республика бойынша жөндеу қуатын арттыру және желілердің тозу деңгейі 65-70%-дан асатын өңірлерге баса назар аудару арқылы шешілетінін баяндады.
Тозу деңгейін төмендету бойынша:
жылумен жабдықтауда – 53%-дан 40%-ға дейін,
электрмен жабдықтауда – 62%-дан 45%-ға дейін,
сумен жабдықтауда – 39%-дан 34%-ға дейін,
су бұруда – 54%-дан 40%-ға дейін жоспарлы көрсеткіштер қарастырылған.
2029 жылға дейін бұл мақсаттарға 6,8 трлн теңге бағытталады. Қаржы жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық теңгені пайдалану мәселесі талқыланды.
Премьер-министр Олжас Бектенов әзірленген "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасында импортқа тәуелділікті төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін отандық өнеркәсіпті қолдауға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Экономиканың аралас салаларын, соның ішінде металлургияны, өңдеу өнеркәсібін және басқа да саланы дамытуды ынталандыратын 27 жаңа өндіріс салу жоспарлануда.
"Өмірлік маңызды секторлар – жылудың, энергияның және сумен жабдықтаудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үкіметтің бірінші кезектегі міндеті саналады. Ұлттық жобаны орындау тозған, кейбір жерлерде апатты жағдайдағы инфрақұрылымды ауқымды жаңартуға мүмкіндік береді. Барлық жоба 3,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. Бізге отандық бизнесті барынша тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Электр энергиясын өндіру үшін 5 259 МВТ-қа дейін жаңа қуаттарды іске қосу бойынша 15 жобаны іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 14 нысанды жөндеу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстар нәтижесі бойынша қуаттылық 7,3 ГВт-қа артады деп болжануда, қолданыстағы активтерді жаңарту тозудың орта есеппен 15%-ға төмендеуіне әкеледі.
Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Ұлттық жоба бекітілгеннен кейін оның сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.