АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Медицина саласының қызметкерлеріне қызметтік міндетін орындау барысында жасалған қылмыс үшін бас бостандығын шектеуге дейін жаза берілуі керек, деп жазды Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Халықтың денсаулығын сақтайтын медицина қызметкерлерінің қызмет барысында өз денсаулығына қатер төндіретін оқиғалары көбейіп барады. Жақында ғана Қостанайдағы жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасалды. Шақыртуға келген жас қызметкер - Анель Баймурзинаны ұрып-соғу салдарынан ол алған жарақаттарынан ауруханаға түсті", - деген министр бұл жағдайдың назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Жедел медицина қызметкерлері адам өмірінің аса қауіпті кезеңінде көмекке келетін және өз өміріне төнген қатерге мән беруге мүмкіндігі бола бермейтін қызметкерлер санатына жатады, деді министр.
Ақмарал Әлназараова келтірген деректерге сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде 158 медицина қызметкері зардап шеккен.
"Медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған шабуыл, зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуге байланысты ұсынысымызда депутаттардың қолдауын ие болдық. Мұндай әрекеттер еркіндікті шектеуге және қоғамның айыптауына дейінгі әділ жазасын алуы тиіс", - деп жазды министр.