АСТАНА, 21 желтоқсан - Sputnik. Жетісуда есірткі зертханасы жойылып, 6,4 келіден астам мефедрон тәркіленді, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Полиция синтетикалық есірткі өндірумен айналысатын жерасты зертханасын жойды.
Жетісу облысының Ескелді ауданында "куратордың" нұсқауы бойынша әрекет ететін екі шетел азаматы заңсыз өндірісті ұйымдастыру үшін Қазақстанға келген.
"Тінту барысында тыйым салынған заттар, 6,4 келіден астам "мефедрон" синтетикалық есірткісін дайындауға арналған жабдықтар, сондай-ақ есірткіні өндіруге арналған 200 литр прекурсор қалдығы табылды", - делінген полиция хабарламасында.
Шетелдіктер мен олардың серіктесі болған Астана тұрғыны ұсталып, қамауға алынды.
Есірткіні таратуға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Егер сіз есірткіні пайдалану немесе оларды сату фактілері туралы білсеңіз, бей-жайлық танытпаңыз – бұл туралы 102 арнасына немесе жекеге жазуды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі.