АЛМАТЫ, 21 желтоқсан - Sputnik. Алматыда жауған қалың қарға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды қалалық әкімдік.
20 желтоқсанда Алматыда қалың қар жауды. Сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жауған қардың қалыңдығы – 12 см, ал таулы аудандарда – 18 см.
"Көктайғақтың алдын алу үшін жолдарға екі мәрте көктайғаққа қарсы материалдар себілді, бұл жұмыстарға 2450 тонна материал жұмсалды. Бірінші кезең сағат 16:00-де аяқталып, екінші кезең 17:30-да басталды", - дейді ведомство.
Түнде жолдарды тазалауға 21 техника колоннасы жұмылдырылды.
"Барлығы 603 арнайы техника, оның ішінде 130 құмсепкіш, 70 шағын көлемді тротуарларға арналған көлік аялдама мен өткелде жұмыс істеп жатыр. Күндіз 1034 жұмысшы, ал түнде 957 адам еңбек етуде", - дейді қалалық әкімдік.
Қалада 16 желтоқсаннан бері 46 мың м³-ден астам қар шығарылды.
Кеше қардың қалың жаууына байланысты Алматыда бірқатар рейс кейінге шегерілген болатын.