Қазақстан БАӘ-ге тоңазытылған қой етін жеткізуге дайын – Шаққалиев

2014 жылдан бері 1800-ден астам қазақстандық және шетелдік компания сертификаттаудан өтті
Sputnik
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан Бірікке Араб Әмірліктеріне органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде тоңазытылған қой етін жеткізуге дайын, деп мәлімдеді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Арман Шаққалиев Дубайда БАӘ мемлекеттік сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед Аль Зейудимен кездесті
Министр Дубайда БАӘ мемлекеттік сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед Аль Зейудимен кездесіп, сауда, бірлескен жобалар мен логистика тақырыптарын талқылады.
"Сонымен қатар Қазақстан жоғары сапалы ұн, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер және сүт өнімдерін экспорттауға дайын", – деп атап өтті министр.
2024 жылдың 10 айында қой етінің экспорты 13,3 мың тонна болып, оның жалпы құны 45,3 млн долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем екі есе артты, экспорттық түсім 64%-ға артты.
Министр сондай-ақ: "2014 жылдан бері 1800-ден астам қазақстандық және шетелдік компания сертификаттаудан өтті, бұл Қазақстан өнімдерінің жоғары сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді", – деп мәлімдеді.
Кездесу барысында қазақстандық өнімдердің дегустациясы өтті. Қатысушылар ұсынылған қой еті, кондитерлік өнімдер мен алманың сапасы мен дәміне жоғары баға берді.