АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша 77,6 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 54,7 млрд теңге қарастырылған", - деп жазылған хабарламада.
Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдау көрсету және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 желтоқсанға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 128,8 мың балаға 5 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.