2024 жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты рекордтық көлемде мұнай өңдеді

2024 жылы зауыт қанша мұнай өңдеп, бензинге, авиакеросинге және дизельдік отынға айналдырғаны белгілі болды
Sputnik
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Атырау мұнай өңдеу зауыты 2024 жылғы қызметі туралы алдын ала мәліметтерді жариялады.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлауынша, 2024 жылдың 12 айында күтілетін мұнай өңдеу көлемі 5 543,7 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (5 475,5 мың тонна) 68,3 мың тоннаға артық. 2024 жылдың желтоқсанында күтілетін өңдеу 490 мың тоннаны құрайды.
Қазақстанның энергетика министрлігі бекіткен 2024 жылға арналған жоспар асыра орындалды (5 500 мың тонна) – бұл 100,8%-ға немесе 44 мың тоннаға көп. Осылайша, биылғы жылы зауыт тарихында шикізатты өңдеуден рекорд орнатады деп күтілуде.
2024 жылдың 12 айында күтілетін өнім шығару көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мынандай:
дизель отыны: өндіріс көлемі 50 700 тоннаға өсті;
сұйытылған мұнай газы: өндіру көлемі 19 265 тоннаға өсті;
авиакеросин: ТС-1 өндірісінің көлемі 62 350 тоннаға өсті;
бензин мен параксилол: 46 мың тоннаға өсті.
"2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты 142 млрд теңгеден астам салық төледі. Оның 20,5 млрд теңгесі республикалық бюджетке, ал 121,5 млрд теңге Атырау қаласының бюджетіне төленді. Жыл соңында кәсіпорынның салық төлемдерінің жалпы көлемі 151,5 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған", - деп жазылған хабарламада.
11 айда 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңдеу 69 771 тоннаға өсті. Бұл ретте ағынды суларды тазарту қондырғысын қайта құру есебінен ауаға ластаушы заттардың шығарындылары 10,1%-ға, су мен топыраққа ластаушы заттардың шығарылуы 71 тоннаға азайды. Қалдықтардың түзілуі 32,4%-ға қысқарды, бұл 2023 жылы ағынды суларды тазарту қондырғыларында қосымша тұнба тоғандарын тазалауға байланысты.
2024 жылдың 11 айында парникті газдардың болжамды шығарындылары 1 462 796 тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың 11 айымен салыстырғанда 27 190 тоннаға аз.
2024 жылы жоспарлы техникалық қызмет көрсету аясында 15 технологиялық қондырғы сәтті жаңартылды. Жұмыс мерзімінен бұрын аяқталды, бұл жоғары октанды бензин өндірісін жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Биыл елімізде 17,9 млн тонна мұнай өңделеді – үкімет болжамы