АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты уақытты өзгерткені үшін үкіметтің үстінен арыз түсірген заңгердің шағымы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сотқа арыз түсірген ер адам уақыт белдеуінің астрономиялық уақытқа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, үкімет 2000 жылғы қаулыға заңсыз өзгеріс енгізіп, уақытты бір сағатқа ауыстырған.
Сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты.
Өйткені "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" заңға сәйкес, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу үкіметтің құзыретіне жатады.
Конституцияның 69-бабы бойынша үкімет өз құзыретінің мәселелері бойынша республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.
"Сонымен қатар 2000 жылы қаулы қабылданғаннан бері 24 жылдан астам уақыт өткен, талап қоюшы талап қоюдың жалпы үш жылдық ескіру мерзімін өткізіп алған. Нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан астамы өзгертілгені туралы дәлел расталмады, бұл мән-жай үкіметтің қаулысын заңсыз деп тануға негіз бола алмайды, себебі жауапкердің НҚА шығару рәсімі бұзылмаған", - делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетері, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, заңгер Серікжан Ахметжанов сотқа арыз түсіріп, бұрынғы уақытты қайтаруды талап еткен.