Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Трамптың командасы Орбанның Украинаға қатысты ұсынысын қарауға дайын

Sputnik
АСТАНА, 16 желтоқсан – Sputnik. Трамптың командасы Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан ұсынған Украинада Рождество кезінде атысты тоқтату туралы ұсынысты қарастыруға дайын, деп хабарлады алдағы уақытта Дональд Трамптың АҚШ ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшісі болатын Майкл Уолтц CBS News-ке берген сұхбатында.
"Біз әскери іс-қимылдарды тоқтатуымыз керек. Егер бірінші қадам атысты тоқтату болса, біз мұның нені білдіретінін мұқият зерттейміз. Бірақ 20 қаңтарға дейін қазіргі әкімшілікпен де ынтымақтастық орнатамыз", - деді ол.
Уолтц Орбанның ресейлік билік өкілдерімен тұрақты байланысып тұратынын, сонымен бірге Дональд Трамппен де жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтті.
Бұған дейін Виктор Орбан Ресей президенті Владимир Путинге Ресей мен Украина арасында тұтқын алмасу және Рождествода атысты тоқтату идеясын жеткізді. Бұл ұсыныс дипломатия арқылы Украина басшысы Владимир Зеленскийге де жеткізілді, бірақ ол, Орбанның айтуынша, оны қабылдамаған. Венгрия премьер-министрі әкімшілігінің басшысы Гергей Гуйяш ресейлік тарап Венгрияның тұтқын алмасу туралы ұсынысымен келісіп, ал атысты тоқтату идеясын қабылдамағанын, бірақ оны қарастырғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Трамп Джо Байденнің орнына президент болғанымда Украинадағы қақтығыс ешқашан басталмайтын еді деп айтқан болатын. Сондай-ақ ол қайта сайланса, Ресей мен Украина арасындағы жанжалды бар болғаны 24 сағатта шешуге ниетті екенін мәлімдеді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамптың сөзіне түсініктеме бере отырып, бұл қақтығыс бір күнде шешіле салмайтын тым күрделі мәселе екенін айтты.