Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ – Тоқаев

Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев
Sputnik
АСТАНА, 16 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық екенін атап өтті. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.
"Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы", - деп жазылған құттықтауда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі абырой-беделі жоғары, стратегиялық бағдары айқын мемлекет ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Халқымыз бұған еселі еңбек пен ырысты ынтымақтың арқасында қол жеткізді.
"Біз осы берекелі бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, қиындықтың бәрінен сүрінбей өтеміз. Тәуелсіз еліміз өркениетті, озық мемлекет ретінде дами береді. Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.