Астанада егізге жүкті әйелдің жатырындағы нәрестеге алғаш рет ота жасалды

Бұған дейін осындай көмекке мұқтаж жүкті әйелдер шетелде емделуге мәжбүр болған
Sputnik
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Астанада алғаш рет жүктіліктің алтыншы айында әйелге бірегей хирургиялық фето-фетальды трансфузиялық синдромын түзету отасы жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
41 жастағы әйел жүктіліктің асқынуы және ұрыққа қауіп төну диагнозымен түскен. №2 көпсалалы ауруханасының мамандары фетальды хирургия операциясын өз күшімен жасап шықты. Бұған дейін осындай көмекке мұқтаж жүкті әйелдер шетелде емделуге мәжбүр болған.
"Барлық медицина қызметкеріне, дәрігерлерге зор алғысымды білдіремін. Бәрі жақсы, тыныш өтті. Дәрігерлер өте мұқият болды", - дейді пациент Айнұр Кенжеева.
Фетальды хирургиясы – бұл ұрықтың даму кезеңінде де ауыр ақауларды диагностикалауға және емдеуге бағытталған медицинаның ерекше бөлімі. Осындай оталардың арқасында баланың денсаулығы мен өмірін сақтап, босанудың асқыну қаупін азайтып, баланың ұзақ мерзімді болжамдарын едәуір жақсартуға болады.