Қарағанды ​​әкімі әлеуметтік желідегі пікірі үшін жазаланды

Әкім әлеуметтік желіде тұрғындардың бірін "ақылгөйсімеуге" шақырып, сынға қалған болатын
Sputnik
АСТАНА, 13 желтоқсан – Sputnik. Әдеп жөніндегі комиссия Қарағанды ​​қаласының әкімі Мейрам Қожықовқа қатысты тәртіптік істі қарады, деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.
Бұған дейін әкім әлеуметтік желіде тұрғындардың бірін "ақылгөйсімеуге" шақырып, сынға қалған болатын.
"Тексеру барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтардың сынына себеп болғандығы анықталды. Анықталған фактілер негізінде комиссия "ескерту" түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды", - деп жазылған хабарламада.
Қазан айында Қожықов желідегі парақшасында қала көшесінің құрылысының аяқталғаны туралы жазба қалдырды. Қолданушылардың бірі әкіммен дауласып қалған, шенеунік оған "ақылгөйсіме" деп кеңес берген.
Сондай-ақ комиссия отырысында жер заңнамасының бұзылуына жол бергені үшін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.