АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеуде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның сыртқы саудасының төрттен бір бөлігі ТМД елдері нарығына тиесілі екеніне тоқталды. Осыған байланысты кедергілерді жүйелі түрде анықтау және жою қажеттілігі туындап отыр.
Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты
© Photo : Үкіметтің баспасөз қызметі
Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Достастық жәрмеңкесі" мемлекетаралық бағдарламасын құру ТМД елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Көлік дәліздерін кеңейту сауда-экономикалық кооперацияны дамытудың маңызды факторы саналады. Олжас Бектенов ТМД трансқұрлықтық көлік ағындарында, атап айтқанда "Батыс – Шығыс" және "Солтүстік – Оңтүстік" бағыттарында ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты
© Photo : Үкіметтің баспасөз қызметі
Қазақстан тарапы әзірлеген ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы 2024 жылдың қазан айында ТМД-ның Атқару комитетіне жолданды. Аталған жоба Достастық елдерінің көлік өткізу мүмкіндігін арттыруға серпін береді.
Олжас Бектеновтің пікірінше климаттық сын-қатерлердің алдын алу және олардың салдарын жою аймақтық және жаһандық тұрақты дамуға ықпал етеді.
"Алтай" трансшекаралық биосфералық резерваты "Қатонқарағай ұлттық табиғи паркі" және “Катун биосфералық қорығы” базасында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылды. 2017 жылы ол Азиядағы алғашқы бірлескен резерват болып, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылды. Бүгінгі таңда осы бірегей жоба негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, конференциялар өткізілуде, бірігіп істеу және тәжірибе алмасу жолға қойылған", — деді Олжас Бектенов.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің үкіметтері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, оның ішінде азаматтық кеме жасау мен кеме жинақтаушы жабдықтарын өндіруді дамытудағы, көлік кешенін цифрлық трансформациялау саласындағы ынтымақтастық туралы және басқа да құжаттарға қол қойылды.
Н.Э. Бауман атындағы ММТУ ғимаратында делегация басшылары студенттердің жобаларымен және әзірлемелерімен танысты.
ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2025 жылдың мамыр айында Душанбе қаласында өтеді.