Ақтөбе облысында 2 млрд теңгенің мектебі үш жылдан бері тапсырылмай отыр

Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбе облысында 2 млрд теңгенің мектеп құрылысы үш жылға созылып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Қандыағаш қаласындағы мектептің құрылысы 2021 жылы басталған. Былтыр пайдалануға берілетін оқу ордасы әлі пайдалануға берілген жоқ. Енді уақыт өткен сайын құрылыс материалдары қымбаттап, жоба құны да шарықтап барады.
Мектептің тіпті қабырғалары да қаланып бітпеген. Мердігер қасбетіндегі терезелерге әйнек орнатып қойыпты. Тұрғындардың айтуынша, құрылыстың осылай тұрғанына бірнеше айдың жүзі болған.
"Былтыр, міне, тек терезелерін қондырды. Бірақ арғы жағының барлығы бос болып тұр. Білмеймін қалай салынып жатқанын. Ештеңе жоқ анау жерде, қарап тұрсаңыздар. Тек бір кран жұмыс істеп жатқан. Бір-екі адам жүреді. Басқа ештеңе көргеніміз жоқ", - дейді қала тұрғыны Манар Аманқұлова.
Мыңға жуық баланың асыға күткен мектеп құрылысы биыл да бітпейтін сыңайлы. Бастапқыда 1 млрд 700 млн теңгеге бағаланған нысан құны материалдардың қымбаттауына байланысты 2 млрд 500 млн теңгеден бір-ақ шыққан. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы өкілдері тиісті қаражат дер кезінде бөлінді деп отыр. Алайда мердігер міндетін орындамаған.
"Қазір мына сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол тексерістің қорытындысынан кейін біздер осы заңға сәйкес өзіміздің міндеттемелерді орындамаған үшін хабарламалар беріп, одан әрі сотқа арызданамыз", - деп атап көрсетті облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Қайтарылған активтер есебінен 1,2 млрд теңгеге Ұлытау облысында жаңа мектеп салынады