АСТАНА, 10 желтоқсан – Sputnik. Енді жалдамалы пәтерді жекеменшікке сатып алуға болады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қаженов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұрғын-үй қатынастарын жетілдіруге арналған заңнама қабылданды. Соның аясында жалдамалы баспананы жекешелендіруге мүмкіндік бар.
"Жергілкті атқарушы органдарға қазірден бастап өтініш беруге болады. Жалдамалы баспананы жекешелендіру үшін 30 проценттік алғашқы жарнаны салу қажет, қалған ақшаны 10-15 жылдың ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр", - деді Қаженов үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, алдағы уақытта ақпараттық жүйе іске қосылады. Сол кезде бәрін электронды форматта жасауға болады.
Ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 50 мыңнан астам жалдамалы баспана берілген.