АЛМАТЫ, 10 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтаудағы "Болашақ" шахтасының жұмысымен танысты, деп хабарлады Ақорда.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары "Болашақ" шахтасын аралап көруден басталды. Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.
Тоқаев Хромтаудағы "Болашақ" шахтасын аралап көрді
© Photo : Ақорданың баспасөз қызметі
Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов "Болашақ" шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.
Кәсіпорын "Миллионное" және "Алмас-Жемчужина" кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады.
Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты "Болашақ" шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.