Қырық мыңнан астам бала ұлттық қордан алған үлесін керегіне жаратты

22 623 бала тұрғын үй жағдайын жақсартса, 19 176 бала білім беру ақысын төлеген
Sputnik
АСТАНА, 9 желтоқсан – Sputnik. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ (БЖЗҚ) "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасының кәмелетке толған қатысушыларына 4,2 млн доллар аударды, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
"2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздің барлық баласына Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алғашқы қаражат есептелген сәттен бастап "БЖЗҚ" АҚ шамамен 4,2 млн АҚШ долларына 41 799 өтінішті орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды)", - деп жазылған хабарламада.
Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2,3 млн-ға жуық АҚШ долларына 22 623 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 1,9 млн-нан астам АҚШ долларына 19 176 өтініш орындалды.
Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, қаржының пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары:
одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (2,2 млн-нан астам АҚШ долларына 21 979 өтініш орындалды),
азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 21,6 мың АҚШ долларына 215 өтініш,
тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу - шамамен 17,7 мың АҚШ долларына 176 өтініш.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар:
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (1,6 млн-ға жуық АҚШ долларына 15 885 өтініш орындалды),
білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (248,6 мыңға жуық АҚШ долларына 2 477 өтініш орындалды),
шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (70,4 мыңнан астам АҚШ долларына 702 өтініш орындалды) төлем жасау.
Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50% мөлшері жылына бір рет, 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балаларға теңдей бөлінеді.
2024 жылғы ақпан айында 2023 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ-ға барлық бала үшін алғашқы нысаналы талаптар есептелді.