Жұманғарин өзімізде арзан шұжық неге шығарылмайтынын айтты

Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өзімізде шығарылатын шұжық өнімдері не себепті қымбат болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда шұжық өнімдерінің 60 проценті шығарылады, қалғаны сырттан келеді. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бізде еттің сапасы жоғары. Одан шұжық жасаса, бағасы да қымбат шығады.
“Мәселен, біздің көршілеріміз шұжыққа басқа етті сатып алады. Жақында біз Ресей Федерациясының өтінішін де қолдадық. Олар 130 мың тонна арзан етті Оңтүстік Америкадан, Бразилия мен Аустралиядан алады. Ол еттің бәрі - сүт-тауарлық фермалардан шыққан арзан ет. Беларусь та жіберіп отырады”,- деді Жұманғарин сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, келесі жылы Аустралия тәжәрибесі негізінде тауарлық мал шаруашылығын дамыту жобасы қолға алынады. Оны Түркістан облысында бастайды.
“Соның арқасында сапалы етті арзан шығаруға мүмкіндік ашылады. Өз елімізде сапалы ет жеген жақсы қой. Меніңше, 2027-2028 жылдарға қарай біз өзімізді шұжықпен, ең бастысы, сапалы шұжықпен толығымен қамтамасыз ете аламыз. Экспорт та болады”,- деп атап көрсетті Жұманғарин.
Бұдан бөлек, құс етін шығару бойынша ірі жобалар бар. Солардың арқасында бір-екі жылдың ішінде қазақстандық құс етін импортқа шығаруға мүмкіндік бар. Қазір біз осы өніммен өзімізді 73 процентке ғана қамтамасыз етіп отырмыз.
Алматы облысында жылына 3,5 мың тонна ет өндіретін комбинат салынады