"Бидай далада қалған жоқ": Сапаров сенат спикерінің сөзіне жауап берді

Министр "далада қалды" деген сөзді дұрыс түсіну керек екенін атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев биыл жиналған рекордық бидайдың бір бөлігі далада қалған болуы мүмкін деп күмән келтірді. Спикердің бұл сөзіне ауыл шаруашылығы министрі жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Спикер жоғары палатада өткен азық-түлік мәселесіне арналған үкімет сағатында биыл жиналған бидайдың рекордық көлемін еске алды.
"Иә, биыл бидайды жақсы жинадық, Айдарбек Сейпілұлы (ауыл шаруашылығы министрі – Sputnik), керемет, бәріміз қол шапалақтадық, қуандық. Шамамен, 27 млн тонна жинадық қой. Бірақ енді не істейміз? Астықтық бір бөлігі қалған шығар, далада. Себебі элеваторда орын жетпей қалды. Оны бәріміз білеміз ғой. Бидайдың бағасы да түсіп кетті", - деді Әшімбаев.
Үкімет сағатынан кейін Sputnik Қазақстан тілшісі ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан далада қалған бидай туралы сұрады. Оның айтуынша, "далада қалды" деген сөзді дұрыс түсіну керек. Бүгінде кептірілген бидай арнайы алаңдарда жатыр.
"Бізде бидайға сыйымдылығымыз (элеваторларда - Sputnik) 30 млн тонна, жинағанымыз – 26,7 млн тонна. Бірақ астық далада қалған жоқ. Ол – арнайы алаңдарда кептірілген бидай, оған ештеңе етпейді. Біз элеваторларды босатып жатырмыз, солтүстік жақтан оңтүстік жаққа… Батыста да элеваторларды босатып жатырмыз, соған кіргіземіз. Сондықтан бұл жерде ешқандай қорқыныш жоқ. Бидайдың сапасы сақталады", - деп түсіндірді Сапаров.
Биыл диқандарды қолдауға 580 млрд теңге бөлінді