АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Алматы облысында ер адамнан “синтетиканың” ірі партиясы тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының Алатау қаласында “Учаске” жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер 29 жастағы ер адамды ұстады, одан тінту кезінде ерекше иісі бар ұнтақ заттың 143 орамы табылды.
"Зертханалық зерттеулер қорытындысы бойынша тәркіленген заттың жалпы салмағы 156,18 грамм “Alfa-PVP” синтетикалық препараты екені анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда", – деді полиция қызметкерлері.
Айта кету керек, 156 грамм тәркіленген заттың жалпы құны 3 миллион 150 мың теңгеге, яғни 314 дозаға тең. Естеріңізге сала кетейік, “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Осы жұмыс қылмыспен тиімді күресуге және өңірдегі қауіпсіздікті жақсартуға ықпал етеді.