АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан One Water Summit аясында су ресурстары саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша 5 негізгі бастама ұсынды, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
"Қазақстан президентінің Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкіл Зүлфия Сүлейменова еліміздің су саясаты және экологиялық ынтымақтастық бағытындағы жоспарымен бөлісті", - деп жазылған хабарламада.
Атап айтқанда, Қазақстан БҰҰ-ның су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамасын ратификациялауға ниетті.
Францияның даму агенттігімен бірлесіп әзірленген ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру бағдарламасын іске асыру – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам.
Негізгі бастамалардың бірі – Қазақстанның экожүйені сақтауға бағытталған Freshwater Challenge жаһандық бағдарламасына қосылуы. Аталған бағдарлама аясындағы алғашқы жоба Науырзым қорығындағы Ақсуат көлдер жүйесін қалпына келтіруді көздейді.
Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінгі таңда Солтүстік Арал мен Сырдария өзені атырабының инфрақұрылымын дамытуға және гидрологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайды қолдауға бағытталған Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр.
Бесінші бастама – Су мұнаралары серіктестігі жобасы ғылыми зерттеулерді, жас гляциологтарды қолдау және жергілікті мұздықтар туралы білімді жинақтау арқылы мұздықтар туралы білім берудегі олқылықтардың орнын толуға жаһандық күш-жігерді біріктіруге бағытталған.
Айта кетейік, One Water Summit алаңдарында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) арасында үшжақты келісімге қол қойылды.
One Water Summit 2024 су ресурстарын басқару және халықаралық деңгейде бірлескен шешімдерді әзірлеуге қатысты жаһандық сын-қатерлерді талқылауға арналған алаң болды.