АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Грузия мен Оңтүстік Кореяда қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде осы екі мемлекеттегі Қазақстан елшілігіне өтініш түспеген. Сондықтан арнайы борт жіберу мәселесі қарастырылмайды.
"Әскери іс-қимыл жүріп жатқан елдерге ғана қазақстандықтарды алдыру үшін арнайы борт жіберіледі. Мәселен, Украинаға, Газа секторы мен Израильге арнайы рейстер жібердік. Оңтүстік Корея мен Грузия туралы айтсақ, ондай қажеттілік көріп тұрған жоқпыз. Ешкім ондай өтініш айтпады. Өтініш болса, қарастырамыз", - деді Бақаев мәжілісте өткен брифингте.
Айта кетері, Грузияда парламент сайлауынан кейін тәртіпсіздіктер басталды. Ал Оңтүстік Кореяда ресми билік пен оппозиция арасындағы келіспеушіліктің салдарынан әскери режим енгізілді. Бірақ оны бір күннен кейін алып тастады.