АЛМАТЫ, 4 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбе облысында ақбөкенді заңсыз атқан облыс тұрғындары ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
"Ақбөкен" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері ВАЗ автокөлігін тоқтатқан.
"Көліктің жүксалғышынан екі қап ақбөкен өлексесі табылды. Осыдан кейін Шалқар қаласында жедел тергеу шаралары аясында өзінің гаражында ақбөкеннің етін бөлшектеп жатқан жерінен үш жергілікті тұрғын ұсталды. Ұсталғандардың бірінің гаражынан 8 ақбөкеннің тұтас еті, 6 мүйіз, ал УАЗ көлігінен тағы бір ақбөкеннің тұтас еті табылды", - дейді ведомство.
Күдіктілердің екеуі ашық жерде жайылып жүрген ақбөкендерді ату үшін Урал мотоциклімен аңға шыққан. Олар олжаларын Шалқар қаласының тұрғындарына сатпақшы болған.
"Ұсталғандар 11 ақбөкенді атып алған. Олар бір ұшаны 35 мың теңгеге сатқан", - дейді полиция.
Ақбөкенді заңсыз аулау және жою фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.