АЛМАТЫ, 4 желтоқсан – Sputnik. Көкшетауда 100 қабір алдын ала қазылып қойған. Әрбір қабірдің құны 150 мың теңге деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі қабірдің не үшін қазылғанын, құны неге қымбат екенін көкшетаулық мамандардан сұрап білді.
Көкшетаудағы "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігі қаладағы түйткілді мәселелерді шешіп жүр. Соның бірі – қабір қазу, қазаны өткізу.
"Осыдан 7-8 жыл бұрын "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жергілікті мешіттермен бірігіп меморандум жасадық. Меморандум жерлеу, зират мәселесін бір ретке келтіру туралы болды. Адам өмірден озғанда ас та төк науқан жасау, бір емес екі жылқы сою деген көбейіп кетті. Шариғат талабына байланыстырып, осы мәселені бір жолға қойдық. Барлық имаммен бірлесіп қаладағы мейрамхана басшыларын шақырып, адам қайтқан күні берілетін асты қарастырдық", - дейді "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл.
Ас та төк дастарқан жаймаңдар деген талаппен мейрамханалар келіспеген. Ал мешіт маңындағы асханалар науқан мен аста шағын ғана ұлттық тағаммен дастарқан жаюды қолға алған.
"Көкшетауда етті турап емес, мүшелеп әкеледі. Егер мүшелеп әкелсе 300 адамға берілген науқанға екі жылқы кетеді. Әу баста етті турап әкелгенге қарсылық болды, бірақ қазір үйренді. Нәтижесінде бұдан көп жеңілдік болды", - дейді Бақыт Смағұл.
Үндістаннан мәрмәр тас әкеп, күмбез жасаған
Қайтыс болған жақынының басына аспан тірескен күмбез орнату әсіресе бай-бақуаттының тірлігі болған. Бұл да шешілді, дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.
"Зират басында күмбез, қымбат бағалы тастар орнату мәселесі де шешілді. Көкшетаудың айналасындағы зираттарда қазір ешкім қымбат зират жасамайды. Кірпішті қалағанда адамның кіндік тұсынан аспайтын етіп жасайтын болды. Бұл да бір жақсы дүние. Өйткені Көкшетауда қалталы адамдар Үндістаннан мәрмәр тас әкеліп, күмбез жасаған кездер болды", - дейді бірлестік төрағасы.
100 қабір мәжбүрліктен қазылған
Бақыт Смағұлдың айтуынша, 100 қабір қазу еріккендіктен емес, мәжбүрліктен болған.
"Қабірлердің қазылып қою мәселесі 2-3 күннен бері өзекті болып кетті. Мына Көкшетаудың табиғаты ерекше, біз табиғатпен санасуымыз керек. Көп жерде ақым қазылмайды, бізде ақым қазады. Жеріміз қиыршық тасты болғандықтан қабір қазу қиын. Ал қыстың күні тіпті ауыр, экскаватормен қазудың өзі оңайға соқпайды. Менің ойымша, қабір қазатындарға қиындық туатындықтан қабір алдын ала қазылып дайындалған. Табиғаттың құбылысына бола жасалған дүние. Бірақ бұны дабыра етудің қажеті жоқ. Қабір қазатындардың да ауыр еңбегін бағалайық", - дейді "Ел бірлігі" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл.
Қабір 150 мың теңге...
Қазылған қабірдің құны 150 мың теңге деген де ақпарат тарады.
"Зираттарда жекеменшік серіктестіктер жұмыс істейді. Шариғат жағынан қарағанмен, жұмыс істеп жүргендердің де еңбегін ескеру керек. 5-10 мың теңгеге ешкім қазір жер қазбайды, сонымен қоса қабірге бөрене тақтайлар қойылады. Оның да құны 50-60 мыңға барады. Егер жерді өзің қазып, керек жарақты, бөренелерді өзің сатып алсаң ешкімге ақша төлемейсің. Бірақ адамдар көбіне жалдап жатады", - дейді бірлестік төрағасы.
Көкшетаудың айналасында жыл он екі ай қабір қазылады деген жаңсақ пікір дейді жергілікті тұрғындар. Биыл да Көкшетауда қар жұқа, салдарынан жер бірнеше метрге қатып қалған. Ал қыста жағдай бұдан да қиындай түседі, дейді Бақыт Смағұл.