АСТАНА, 3 желтоқсан – Sputnik. "Қазақстан халқына" қоры үш облыста шағын жинақты мектептерге қолдау көрсетеді. Бұл туралы қор төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қор басшысының айтуынша, бүгінде шағын ауылдарға жол және тағы басқа инфрақұрылым тартылмаса да, білім сапасын үнемі бақылауда ұстау керек.
“Біз өз кезегімізде үш өңірде - Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында шағын жинақты мектептерді жабдықтауға атсалысамыз. Негізгі мақсат-осы санаттағы мектептерде оқытудың тиімділігін арттыру. Бұл біздің тарапымыздан үлкен қолдау болады”,- деді Жәмішев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осы орайда қор төрағасы шағын жинақты мектептердің басты проблемасын да атады. Бүгінде ол жаққа кәсіби мамандар көп бара бермейді, себебі бала аз, жұмыс сағаттары көп берілмейді. Сондықтан тірек мектептерден қолдау болуы керек.
Атап айтқанда, мұғалімдер шағын жинақты мектептерде онлайн байланыс арқылы білім беріп қана қоймай, өздері де сол жерге барып тұруы қажет. Ал зертханалық сабақтарды тірек мектептерде өткізуге болады.