"Қазақтелекомның" лауазымды адамдары ұсталды

Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекетке 450 млн теңгегеден астам залал келген
Sputnik
АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. "Қазақтелеком" АҚ филиалы – Сервис фабрикасының лауазымды адамдары өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұлттық компанияның жылжымайтын мүлік портфелін басқаруға жауапты Сервис фабрикасының лауазымды тұлғаларына қатысты өкілеттікті теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
"Филиалдың бас директоры мен бірқатар қызметкері мемлекет мүддесіне қайшы және пайда табу мақсатында кәсіпкерге Тараз қаласындағы Қоғамның әкімшілік ғимаратын көрінеу төмен бағамен сатқан деген күдікке ілінді", - деп жазылған хабарламада.
Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан мемлекетке 450 млн теңгегеден астам сомаға материалдық залал келтірілді.
Келтірілген зиянды өтеу мақсатында аталған нысанға бұғау салынды. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.