АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров брифингте доллар бағамының көтерілуі баспана бағасына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, доллар көтерілгеннен кейін баспана бағасы өсуі мүмкін.
“Құрылысшылар “үйдің қорабы” дейді ғой, соны көтеруге қажетті цемент, арматура және тағы басқа материалдар бізде бар, соның бәрін өзіміз шығарамыз. Ал ішкі әрлеу материалдарын өндіру жағынан проблема бар. Сондықтан тұрғын үй нарығында баға өзгеруі мүмкін. Себебі импортталатын тауарлардың бағасы көтеріледі”, - деді Байбазаров.
Оның айтуынша, бүгінде құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне тиісті бағдарламаны әзірлеу тапсырылды. Осы құжатта әрлеу материалдарын шығаруға басымдық беріледі.
“Бірақ біз әлеуметтік баспана нарығын бақылап отырмыз. Отбасы банк, Қазақстанның тұрғын үй компаниясы бар. Солар арқылы берілетін баспананың бағасын реттей аламыз”, - деді Байбазаров.