АЛМАТЫ, 30 қараша - Sputnik. Бүгін Алматыда өткен XVII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.
Орталық Азияның басты кино оқиғасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген киношерлер мен киносүйер қауымды біріктірді. Бір апта бойы көрермендер 30-дан астам фильмді тамашалады. Оның 22-сі байқау бағдарламасына қатысты.
NETPAC әділ қазыларының жүлдесі "Белгісіз елге" фильміне, режиссері Махди Флейфель;
Халықаралық байқау қазылар алқасының төрағасы Нури Бильге Джейланға "Әлемдік кинематографияға қосқан ерекше үлесі үшін" сыйлығы берілді.
Белгілі қазақстандық актер Досхан Жолжақсынов "Қазақстан кинематографиясына қосқан ерекше үлесі үшін" марапатталды.
Ең үздік әйел рөлін сомдағаны үшін жүлде – австралиялық Флорентина Хольциенгерге бұйырды.
Ең үздік ер рөлін сомдағаны үшін жүлде – Артур Пачесный, "Жоқтың қасы" (Next to Nothing), Польша;
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – "Нирвана" (Nirvana) фильмі, режиссері Асиф Ислам, Бангладеш;
Ең үздік режиссерлік жұмыс үшін жүлде – Джун Мин О, "Жыл маусымдары үйі" (House of the Seasons), Оңтүстік Корея;
Үздік фильм үшін гран-при – "Жоқтың қасы" (Next to Nothing), Польша, режиссері Гжегож Дебовски алды.
Орталық Азия және түркі әлемі елдерінің байқауының нәтижесі:
Ең үздік әйел рөлін сомдағаны үшін жүлде – Эльза Каримова, "Ғашықтар тауы" (The Lovers’ Mountain), Татарстан;
Ең үздік ер рөлін сомдағаны үшін жүлде – Абылай Марат, "Шекарадағы мәміле" (Deal at the Border), Қырғызстан;
Қазылар алқасының арнайы жүлдесі – "Хемме өлетін күндердің бірінде" (One of the Days When Hemme Dies) фильмі, Түркия;
Ең үздік режиссерлік жұмыс үшін жүлде – Аруан Анартай, "Жоқтау" (Joqtau), Қазақстан;
Үздік фильм үшін гран-при – "Ақ тырналар билейтін жерде" (Where the White Cranes Dance), Саха Республикасына (Ресей) бұйырды.
Фестивальдің жабылу салтанатында KhazaR этно-фьюжн тобы, Aljazz эстрадалық-симфониялық оркестрі және VIVAT шоу-балеті өнер көрсетіп, кино апталығын шымылдығын жапты.