АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ұлттық қордың биылғы табысын жариялады. Соның тең жартысы 18 жасқа толмаған балалар арасында таратылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Биыл он айдың қорытындысы бойынша ұлттық қордың таза табысы 5,3 млрд долларды құрады. Соның жартысы 2,6-2,7 млрд доллар болады.
“Біз орташа сомманы аламыз. Сосын балалардың саны ескеріледі. Бірақ әрбір баланың есепшотына түсетін ақшаның көлемі бұған дейінгі сомадан көп болады”,- деді Сүлейменов бүгінгі брифингте.
Ұлттық банк мамандарының айтуынша, биыл қордың табысы бұған дейінгі кезеңмен салыстырғанда көп болды. Сондықтан келесі жылы қаңтарда 18 жасқа толмаған әрбір баланың есепшотына 100 доллардан артық ақша түседі.
Бүгінде зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігі доллармен жатыр. Сол себепті осы қордың табысы да өседі деген болжам бар.