Жылыту кезеңіндегі оқиғаның 70 проценті газ баллонның жарылуымен байланысты

Sputnik
Газбен жабдықтау саласындағы апаттың 70%-ы газ баллондарына байланысты болады. Бұл туралы ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев айтты.
Спикердің айтуынша, газбен жабдықтау саласындағы апатқа байланысты кейінгі кезде жарияланған статистика алаңдаушылық туғызып отыр.
"Оқиғалардың негізгі үлесі жылыту кезеңіне тиесілі: жағдайлардың 70%-ы газ баллондарына байланысты проблемалар, 25%-ы улы газбен улану және 5%-ы басқа оқиғалар", - деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ спикер жылыту кезеңінде көптеген тұрғын тұрмыстық баллондарды көшеде сақтайтынын, кейін оларды сұйытылған көмірсутек газының толық булануын күтпестен үйлеріне кіргізіп, газ жабдықтарына қосуынан апат болатынын айтты.
"Бүгінгі таңда еліміздің газификация деңгейі 59%-ды құрайды, яғни 11,6 миллион адам газбен қамтамасыз етілген. Әсіресе батыс және оңтүстік аймақтарда газификация деңгейі жақсы дамыған, алайда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында газификация деңгейі төмен болып отыр", - деді Рашид Дубаев.
Сонымен қатар ол газ жабдықтау жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
"Басты міндет – газдың үздіксіз және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету, ағып кету, апаттар және адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларды барынша азайту. Бұл инфрақұрылымды жаңарту, жүйелі тексерістер жүргізу, қатаң стандарттарды сақтау, сондай-ақ мамандар мен азаматтарды оқыту және хабардар ету сияқты кешенді тәсілді талап етеді", - деп түйді сөзін Рашид Құлтайұлы.
Астанада жүк көлігіндегі алты газ баллоны жарылды