АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Түркістан облысында полицейлер құмды заңсыз өндірумен айналысқан топты анықтады. Олар мемлекетке 437 млн теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер Түркістан облысы Келес ауданы аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз жер қойнауын пайдаланумен айналысқан адамдар тобының қызметін тоқтатты.
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пайдалы қазбаларды (қиыршық тасты) өз бетінше сатқан 4 күдіктіні ұстады. Келтірілген залал 437 миллион теңгені құрады.