"Қант қызылшасын өткізе алмай жүрміз": Жетісу облысында диқандар апталап кезекте тұр

Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Жетісу облысының диқандары өсірген қызылшасын қант зауытына өткізу үшін апталап кезекте тұр. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Жетісу облысы Көксу ауданындағы қант зауытына кезекте тұрған жүк көліктері бірнеше шақырымға созылған. Бұрын-соңды дәл мұндай проблема болған емес дейді диқандар.

"Қызылшаны зауытқа өткізе алмай тұрғаныма бесінші күнге кетіп барады. Бүгін өткізе алмасақ ертең таңертең өткізетін шығармыз деп үміттеніп отырмыз", - дейді қант қызылшасын өсірумен айнлысатын дихан Рустем Омаров.

Диқандардың айтуынша, бейнеті көп шаруаның берер несібесі де мардымсыз.
Жетісу облысында дихандар апталап кезекте тұр
"Қызылшаны өсіргенмен пайдасы мол емес. Оны өсіру, техника, жанар май, жалдамалы көлік барлығы ақша. Елу де елу пайда болса болды, болмаса жоқ. Мысалы үлгеріп қаза алмай қалатындар бар, оған барлық ақшалай шығын шығарылған. Соны өтей алмай қалатындар бар. Жеке өзім бес жыл айналысамын. Бірақ сол шығынды шығарып алсам қуанамын", - дейді диқан Рустем Омаров.
Кезекте тұрғандардың айтуынша, 30 тонна қант қызылшасын зауытқа өткізу үшін апталап уақыт кетеді. Бұған дейінгі жылдары диқандар өнімін небәрі 2 күнде өткізіп үлгерсе, биыл жағдай керісінше ушығып тұр.
"Зауыттағылар қызылша толып кетті, төгетін жер жоқ, тасып үлгере алмай жатырмыз дейді. Біздің облыста 4 зауыт бар еді, қазір екеуі ғана істеп тұр. Екінше зауыт Жансүгіров ауылында, ол жерде де дәл осындай ұзын-сонар кезек. Әкімдік қант қызылшасын егіңдер деді, ектік. Енді өнімімізді уақтылы өткізе алмай жүрміз", - дейді дихандардың бірі Медет Әлімқұлов.
Жетісу облысында биыл жалпы 13,7 мың гектарға қант қызылшасы егілген, оның 90%-і қазылып алынған. Қалған 1,3 мың гектар бірінші желтоқсанға дейін жиналады. Әр гектардан 472 центнер қант қызылшасы алынған.
"Қант зауыттары 487 мың тонны қабылдады, оның ішінде Көксу қант зауыты – 225 мың тонна, Ақсу қант зауыты – 262 мың тонна. Көксу қант зауыты жылына 250 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Бүгінгі таңда кәсіпорын толық жүктелген, өндірілген қант қызылшасының көлемінің өсуіне байланысты қуаттылығын арттыру үшін 2025-2026 жылдары 29 млрд теңге инвестиция тартылып зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға дейін жеткізілетін болады", - дейді Жетісу облыстық әкімдігі.
Жетісу облысында биыл егін шаруашылығына жалпы 10 млрд теңге бөлінген, соның 6,2 млрд теңгесі басым дақылдарды субсидиялауға, 2,1 млрд. теңгесі минералды тыңайтқыштарды, 1,0 млрд теңгеге жуығы тұқымдарды, 783 млн теңгеге жуығы пестицидтерді субсидиялау қарастырылған.
"Сол сияқты көктемгі дала және өнімді жинау жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен қант қызылшасы бағытында 5 ауданда жаңа 8 сервистік-дайындау орталығын құруға 2,5 млрд теңге бөлініп, 62 бірлік себу және өнімді жинау техникасы шаруашылықтарға лизингке берілді, соның 28-і сепкіш, 15-і жапырақ жинағыш машина, 19-ы комбайн", - дейді ведомство.
Бүгінгі күнге қант зауыттары шаруашылықтарға қабылдаған қызылша үшін 4,0 млрд теңге төлеген, оның ішінде Көксу қант зауыты – 1,6 млрд. теңге, Ақсу қант зауыты – 2,4 млрд теңге.
Ал биылғы қызылшадан түскен мол өнімнің салдарынан болған ұзын-сонар кезектің мәселесі қашан, қалай шешілетіні туралы әкімдік айтпады.
Жетісу облысында қант қызылшасы алқабы үш есе ұлғайтылады