АСТАНА, 28 қараша – Sputnik. 15 қарашада таратылған баспасөз релизін кейбір БАҚ қате түсініп, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған азаматтар букмекерлік кеңселерге аударылған қаражатын қайтарып ала алады деген жалған ақпарат таратқан, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарып, заңның талаптарын түсіндірді.
"Ойын бизнесі туралы" заңның 15-бабы, 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тіркелген азаматтарға құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға толық тыйым салынған.
Егер құмар ойындарға немесе бәс тігуге заңсыз қатысу анықталса, ойын бизнесін ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда бұл әкімшілік шаралар аударылған ақшаны мәжбүрлеп қайтаруды қарастырмайды.
Комитет букмекерлік кеңселердің шоттарына аударылған қаражаттарды қайтарумен айналыспайды және мұндай қызмет көрсетуге уәкілетті емес.