АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Атырау облысында отыздан астам фермер қыста мал азықсыз қалатынын айтып дабыл қақты, деп хабарлады Atyrauoil.official порталы.
Фермерлердің айтуынша мемлекет субсидия бермесе, мал қыста қырылып қалады.
"Мал – негізгі табыс көзіміз. Біз осы жерден 500 шақырым жерде тұрамыз, жол ауыр, бірақ келуге мәжбүр болдық. Мемлекеттің қолдауынсыз фермерлер шөпті өздері сатып ала алмайды. Бір орамның бағасы – 15 мың теңге. Егер фермерге 100 орам қажет болса, бұл миллион теңге деген сөз", — деді фермер Думан Меңдеш.
Малының амандығына алаңдаған тағы бір фермер Асылжан Сабырғалиев шенеуніктер көмектесеміз деп уәде берді дейді.
"Біздің көпшілігіміз мұнда мал шаруашылығымен айналысамыз, басқа табыс жоқ. Бізге көмектесеміз деп сендірді, бірақ әлі күнге дейін субсидия бөлінбеді", - деп атап өтті Асылжан Сабырғалиев.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Азғыр және Сүйіндік округтерінде құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай енгізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл жем мәселесін шешуге көмектесуі керек. Қазір құжаттар дайындалуда, ал субсидия туралы шешім желтоқсанда қабылданады.
"Субсидия құжаттар бекітілгеннен кейін ғана бөлінеді. Біз оларды жәйдан-жай бере салмаймыз. Нақты себеп болу керек, мысалы, құрғақшылық немесе шөптің түсімсіздігі сияқты маңызды себептер болуы керек", - деп нақтылады Бисембиев.
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында фермерлер су тасқынынан кейінгі өтемақы комиссиясының баяу жұмысына шағымданған болатын.